Еркем-ай

zhenispir

2026-06-24

Еркем-ай (1-нұсқа)

Айт дегенде өлеңді аңырмаймын,
Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын.

Қайырмасы:
Еркем-ай,
Бүгін болған мерекең
Болсын тағы ертең-ай.

Қайда жүрсем жақсының жанындамын,
Іздегенмен жаманға табылмаймын.

Қайырмасы:

Әншілердің серігі домбыра ма?!
Тарта берсең, домбыра болдыра ма?!

Қайырмасы:

Домбыраны баппенен қолға алып,
Шарықтата әнге сал оң бұра да.

Қайырмасы:
Еркем-ай,
Бүгінгі күнің тамаша,
Ертең бұдан көркем-ай,
Еркем-ай,
Бүгін болған тамаша,
Болсын тағы ертең-ай.


Еркем-ай (2-нұсқа)

Біздің ауыл Ақсайдың қақпасында, жан сәулем.
Күміс жүген жарқылдар ат басында, еркем-ай.
Шыныменен көңілің болса бізде,
Шапан-ішік жамылып жат қасымда, еркем-ай.

Ай қараңғы, кеш жарық,
Ебін тауып келсеңші-ай.

Іле деймін, ендеше Іле деймін, жан сәулем.
Өте шықсам Іледен міне деймін, еркем-ай.
Кісі жары кісіге жар болмайды,
Өз жарыңның тілеуін тіле деймін, еркем-ай.

Ай болмаса, жұлдыз бар,
Ебін тауып келсеңші-ай.


Еркем-ай (3-нұсқа)

Көк үліңгі, жаным-ау, көк үліңгі,
Өлең айтып көтерші көңіліңді, еркем-ай.
“Әйел жолы жіңішке” деген сөз бар,
Ойла, жаным, өзіңнің өміріңді, еркем-ай.

Сылдырлаған шашбаулы,
Жүзі жарқын көркем-ай.

Тал мен қайың, құрбым-ау, тал мен қайың,
Саулық барда білмейсің ауру жайын, еркем-ай.
Қамшы саптай қысқа бұл тіршілікте,
Ағызайық көмей мен тілдің майын, еркем-ай.

Сылдырлаған шашбаулы,
Жүзі жарқын көркем-ай.


Еркем-ай (4-нұсқа)

Адамнан артық ажар, ақыл айлаң,
Ажары ақ бетіңнен асқан айдан,
Адасқан аққу құстай болдым асық,
Айдындай ақ төсіме асылшы, айнам.

Еркем-ай, Еркем-ай,
Би билесіп, ән шырқау,
Қызықтың ай-ай, қызығы-ай.

Аққу құс айдын көлде шомылғандай,
Лашын құс өз бойына қорынғандай.
Әніндей домбыраның дүрілдетіп,
Көк тұйғын қуға түсіп шошынғандай.

Еркем-ай, Еркем-ай,
Би билесіп, ән шырқау,
Қызықтың ай-ай, қызығы-ай.


Еркем-ай (5-нұсқа)

Ер болмас белін жалпақ буғанменен,
Тазармас нағыз қара жуғанменен.
Беу, еркем-ай!

Байқасаң ақыл басқа, ажар басқа,
Пайда жоқ құр әдемі туғанменен.
Беу, еркем-ай!

Жылқы сайға тұра алмас қыс келгенде,
Жер шандыаяқ тартады ел келгенде.
Беу, еркем-ай!

Ауыздағы жел сөзді аяйым ба,
Бүгежектеп отырмын сөз келгенде.
Беу, еркем-ай!

Жоғарыдағы бес нұсқаның бәрі ander.kz сайтынан көшіріліп алынды.

Еркем-ай Нотасы (1-нұсқа) [1]

Image

Еркем-ай Нотасы (2-нұсқа) [2]

Image

Еркем-ай Нотасы (3-нұсқа) [3]

Image
  1. asemqonyr.kz Сандық Нота. 4-бет (2022)
  2. Жұмагелді Нәжімеденов. Домбыра ойнау оңай ма? (Қосымша әдістемелік құрал) 43-бет. ІSBN 978-601-209-204-2 (2013)
  3. Домбыра Үйрену. Сандық Ноталар Жинағы. 5-бет

Tagged in: #PiXM

Leave a reaction if you liked this post! 🧡
Loading comments...

Latest Posts

Search and see all posts